Бағалайтын халық, анықтайтын уақыт!

Қазақта «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» деген әдемі сөз бар. Ел арасында білім және ғылым саласының дамуына ерекше үлес қосқан біртуар азаматтарымыз баршылық. «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» демекші, осы азаматтарымыздың қадірін кейде біліп жатырмыз ба, уақытында бағалай алдық па деген сұрақ көкейімізде тұрады.

Осыған орай, Қарағанды қаласындағы «Шетел тілдер колледжі» білім ошағына ат басын бұрдық. Колледж құрылтайшысы, филология ғылымдарының докторы, профессор, 20-ға жуық ғылым кандидаттарын қанат қақтырған  Нұрсұлу Ыбырайқызы Бөкетованы сөзге тарттық.

-         Букетова Нурсулу Ибраевна1Нұрсұлу Ыбырайқызы, Абай «Ұстаз болу-жүректің батырлығы» деді. Жастардың білім алуына өз қаражатыңызбен жағдай жасадыңыз. Келесі жылы колледжге 15 жыл толады екен. Негізі, қазір кәсіпкерлер ойын-сауық орталығы, дүкен және т.б. бизнес көздерін қолға алуда. Ал, сіз ұрпақ үшін жасап отырған еңбегіңізді қалай түсіндірер едіңіз?

-         Адам баласы шыр етіп дүниеге келгенде өз мақсаты болады. Мүмкін менің маңдайыма білім саласына қызмет етсін деп жазылған шығар. Қазақстан Ұлттық Ғылым Академиясының академигі Евней Арыстанұлы Бөкетовтың немере қарындасымын. Білім саласына еңбек ету ол біздің тұқымда бар қасиет. Мектепте оқып жүргенде-ақ А.С.Макаренко, В.А. Сухомлинский, Ы.Алтынсарин сынды әйгілі ұстаздардың жазғандарымен сусындадым. Мысалы, Ы.Алтынсарин 48 жасында дүниеден өтті. Бірақ қаншама мектептер ашты. Адамды оқыту, бағыт беру қандай керемет. Оның үстіне біздің ұстаным гуманитарлық білім беру ол баланы тәрбиелеу болып табылады. Фольклорсыз, әдебиетсіз балаға білім беру, яғни гуманитарлық білім беру болмаса адамзатты тәрбиелеу мүмкін емес!

-         Сонда Әбу Насыр әл-Фарабидің «Тәрбиесіз берген білім адамзаттың қас жауы» дегендей білімнің бастауы тәрбиеде болғаны дұрыс деп санайсыз ба?!

-         Әрине, тәрбиемен білім алған жастар жамандыққа бармайды. Адаммен тіл табысу қазір қоғамға өте қажет. Өзекті мәселе. Біз ұстаздар және ата-аналар бала санасына ең алдымен тәрбиені сіңіруіміз қажет. Онсыз ол роботқа айналады! Осыны естен шығармағанымыз абзал.

-         Колледж тарихын еске алсақ?

-         Ең алдымен 1996 жылы «Лингва тіл және аудару институтын» аштық. Қарағанды аумағында шет тілдерінің дамуына үлесімізді қоссақ деп едім.Содан бастау алды. Негізі қандай жұмысты бастамайын маған кәдімгідей сынақпен келеді. Өмірде маған бәрі жеңіл жолмен келді деп айта алмаймын. Қажыр-қайраттыкүш-жігерді, білім мен білікті талап етті. Талай қиындықты көрдік.

-         Президент Н.Назарбаев үштілділік туралы ресми жиындарда айтып жүрді. 2015 жылы өткен Қазақстан Халқы Ассамблеясының сессиясында да тоқталды. Алғаш рет бұл идея 2006 жылы сол Қазақстан Халқы Ассамблеясының сессиясында айтылған еді. Ол кезде Мемлекет басшысы кем дегенде үш тілді білу біздің балаларымыздың болашағы үшін өте маңызды деген. Ал, сіз шетел тілін 1996 жылдан қолға алыпсыз?

-         Басында филология ғылымдарының докторы дипломынан басқа менде ешнәрсе болған жоқ. Кейін колледж ашамын дегенде бәрі жеңіл көзбен қарады (жымиды-авт). Мемлекеттен кішкене көмек болса біз жайнап кетер едік. Бірақ өкінішке орай олай болмады. Бәрін өз күшімізбен тұрғыздық. 1999 жылы Америкадан білім эксперті келді. Мен осы ғимарттың есік-терезесін қалай дұрыстаймын, сынғанын қалай бүтіндеймін деп жүрсем, ол кісі маған «Егер сіз Америкада болғанда ең бай әйел болар едіңіз» демесі бар ма?! Басымыз қатып жүргенде, «мына кісі не деп тұр» деп ұқпадым. Сонымен 2004 жылы Америкаға барғанда ғана сол кісінің айтқан әңгімесінің төркінін түсіндім... Қазір шүкір, балаларым шетелде, Қазақстанның белді мекемелерінде қызмет етіп жатыр. Колледжден алған білімдері болар шет тілінде сайрап, бізді қуантып жүретінін жасырмаймын.

Сондай-ақ, колледж ұжымына әріптестерімнің еңбегі зор деймін, оларға алғысымды білдіремін! Өзіңіз білесіз «Жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас» деген сөз бар. Сондықтан колледждің дамуы әріптестерімнің арқасы деп білемін.

-         Бірде Елбасы «Болашақта еліміздегі білім ордалары академиялық-автономиялық басқару жүйесіне көшуі тиіс!» деді. Қандай білім ошағы болмасын дербестік алған жағдайда сапа жағы қалай болар екен? Мысалы, сіздер жекеменшік білім ошағысыздар?

-         Негізі оқу орнының дербес болуы жақсы нәрсе. Біз жекеменшік оқу орнын тақыр жерден бастап аштық. Мемлекеттік жоғары оқу орындарына қарағанда жекеменшіктің өз ерекшеліктері мен артықшылықтары болады. Мысалы, екінші тілді бірінші тілмен бір деңгейде оқыттық. Азайтпадық. Сондықтан болар студенттеріміз қос тілді еркін меңгеріп шықты.

-         Білім саласындағы сізді толғандыратын мәселе?

-         Ия... тәрбие беру жағы ақсап барады (ойланып қалды-авт.) Қазір білім жағына қатты көңіл бөлеміз. Ал, білім мен тәрбие егіз ұғым. Жаңа ғана Әл-Фарабидің сөзін мысалға алдыңыз. Тәрбие ол өзіңді қалай сөйлеп, жүріп-тұруың емес, ол адам үшін маңызы зор дүние. Тәрбие ол көшбасшылық қасиетін меңгеру, стресс кезінде өзін-өзі ұстай білу және т.б. Қазір біз жедел даму үстіндеміз, ақпарат өте көп. Осындай сәттерде білімді азамат өзін бірқалыпты ұстаған жөн. Мен білім алған кезде білім мен тәрбие қатар еді. Бізде жалпы физикалық дайындық, яғни, дене шынықтыру пәнінде адам мінез-құлқын тәрбиелеу маңызды болатын. 9 сыныптан бастап суға батқан адамды құтқару ұйымында болдым. Міне, сол кезден бастап адамды құтқару, көңіл бөлу адамгершілік пен мейірімділікке бой үйреттік. Сондай-ақ тауда, орманда жалғыз қалғанда қалай аман қалу жолдарын, сусыз, сіріңкесіз, тамақсыз қалғанда қалай күн көру керек екенін санамызға сіңірдік. Өкінішке орай, бұл жүйе қазір жұмыс істемейді. Міне, суға түсу маусымы басталады қаншама адамның суға кеткен статистикасын көріп көңілім жабырқайды. Неге осының бәрін мектептен үйретпеске?! Бұл адамды құтқарып қана қоймайды, мінезі де қалыпқа келеді емес пе?!

-         Нұрсұлу Ыбырайқызы, келесі жылы білім саласына қызмет еткеніңізге 50 жыл болады екен. Осы саланың сіз үшін маңыздылығы?

-         Егер сіз менің жарты ғасырлық ғұмырым дұрыс бағаланды немесе бағаланбады деген ойда болсаңыз, мәселе онда емес. Керемет марапттарға құштар емеспін (жымиды-авт.) Маған шәкіртім мен ата-анамның ілтипаты маңызды. Осыдан біраз жыл бұрын бізден білім алған студентім кеше келіп кетті. Жай амандасуға келіпті. Бұдан артық қандай бақыт керек? Кезіндегі шәкірттерім алтын уақытын бөліп амандасса, біз бекер оларға қызмет етпегеніміз көрініп тұр.

-         Бұның сыры неде? Жалпы қалай жақсы мұғалім болуға болады?

-         Жақсы мұғалім болу өте қиын нәрсе. Жақсы мұғалім мейірімді және әділ болуы міндетті.

-         Өмірден не таптыңыз ? Не жоғалттыңыз?

-         Ой қандай сұрақ?! (жымиды-авт.) Біз ең әуелі уақыт жоғалтамыз ғой кейде «мынаны бүйту керек еді, ананы сөйту керек еді» деп өкінеміз. Уақыт болар жоғалтқаным?! Ал, тапқаныма келер болсақ, мүмкін адам дүниеге келген кезінде өзін тапқан болар? Өмірде көп нәрсе табуға болады. Негізі адам баласының мінез-құлқы, тәрбиесі 17 жасқа дейін қалыптасады. Біз кезінде өте жақсы білім және тәрбие алдық. Ең бастысы кризистік сәттерде өзімізді ұстай білу қасиетін меңгердік. Бұл өмірде өте қажет нәрсе. Қиын сәттерде сынбадық, өзімізді жоғалтпадық. Міне, жақсы қасиеттерді бойыма сіңіргенім тапқаным болар!

-         Салиқалы сұхбатыңызға рахмет!

Сәния СҮЛЕЙМЕН,

Нұр-Сұлтан – Қарағанды – Нұр-Сұлтан.


Анықтама

Бөкетова Нұрсұлу Ыбырайқызы филология ғылымдарының докторы, профессор. 1970 жылы Алматы педагогикалық шет тілдер институтын қазіргі Абылай хан атындағы  Қазақ Халықаралық Қатынастар және Әлем Тілдері Университеті бітірген.

80 жуық басылымдардың авторы. 5 монографиясы, 4 оқу құралы жарыққа шыққан. Сондай-ақ герман және жалпы тіл білімі бойынша телебағдарламалар, шетел және қазақ тілдерін оқыту бойынша 3 электронды оқулықтың иесі. Көптеген әңгіме, жыр кітаптары оқырман жүрегінен орын алған автор.

Добавить комментарий


Защитный код


Обновить